Республикалық референдум барысында жүргізілген экзит-полл нәтижелері жарияланғаннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы мәлімдеме жасады.
Экзит-полл қорытындылары Қазмедиа орталығы студиясында таныстырылды. Осыдан кейін Президент референдум Қазақстан тарихындағы маңызды әрі тағдырлы кезеңдердің бірі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, жалпыхалықтық референдумға белсенді түрде қатысқан. Бұл – халықтың ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауы арқылы мемлекет тағдырына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді.
Президент экзит-полл нәтижелеріне сәйкес Қазақстан халқы тарихи таңдау жасағанын айтып, барша азаматтарға шынайы алғысын білдірді. Оның пікірінше, бүгінгі дауыс беру еліміздің тарихы мен болашағын айқындайтын маңызды шешім болды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы енді жыл сайын 15 наурыз – Конституция күні ретінде атап өтілетінін айтты. Бұл күн елдің ең маңызды мерекелерінің бірі ретінде белгіленбек.
Президенттің айтуынша, жалпыхалықтық референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ашық әрі әділ өтті. Барлық заң талаптары мен демократиялық қағидаттар толық сақталған. Бұл туралы отандық және халықаралық байқаушылар да өз пікірлерін білдірген.
Мемлекет басшысы референдум нәтижесінің түпкілікті қорытындысын заң талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы ресми түрде жариялайтынын айтты.

Президенттің пікірінше, бүгінгі дауыс беру барысында Қазақстан халқы ынтымақ пен бірліктің, патриотизмнің және Отан тағдырына деген ортақ жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Азаматтардың басым бөлігі Өркендеу, Әділет, Заң мен Тәртіп, Табиғатты аялау және Тазалық құндылықтарын таңдады.
Сонымен қатар бұл референдумда дауыс берушілер саны бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелгені атап өтілді. Президент учаскелерге келіп, өз азаматтық ұстанымын білдірген барлық қазақстандықтарға алғыс айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл тарихи қадам жаңа Халық Конституциясының қабылдануына жол ашып, еліміздің дамуына жаңа серпін береді.