Шымкент қаласында сегіз айға созылған «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ауқымды мәдени-ағартушылық бастама қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, жастардың білімге деген қызығушылығын арттыруға және интеллектуалды ортаны дамытуға бағытталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында жүзеге асқан жобаға қала тұрғындары белсенді қатысты. Нәтижесінде 66 мыңнан астам азамат қатысып, 500 мыңнан астам кітап оқылды. Бұл көрсеткіш тұрғындардың кітапқа деген қызығушылығы жоғары екенін айқын көрсетті.
Жобаға мектеп оқушылары, студенттер, педагогтар, мемлекеттік қызметшілер мен түрлі әулеттер қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Қатысушылар тек кітап оқып қана қоймай, әдеби шығармаларды талқылап, пікір алмасу алаңдарында белсенділік танытты. Осылайша жоба қоғамдық диалог пен рухани дамудың маңызды алаңына айналды.
Салтанатты шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, кітап оқуды өмір салтына айналдырған азаматтарға алғыс білдірді. Оның айтуынша, мұндай жобалар қоғамның мәдени және рухани дамуына тың серпін береді.
Байқау қорытындысы бойынша «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» номинациялары бойынша үздіктер анықталды. Жеңімпаздарға арнайы сертификаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Жобаның маңызды нәтижелерінің бірі – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығының артуы. Бұл өз кезегінде білімді, ой-өрісі кең әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға ықпал етеді.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы оқу мәдениетін дәріптеудің тиімді үлгісі ретінде қоғамның рухани дамуына елеулі үлес қосып, кітаптың адам өміріндегі маңызын тағы бір мәрте айқындады.