Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Армения Республикасының Вице-премьері Мгер Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Мәртебелі меймандарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында қарсы алды. Кеңес отырысы шағын құрамда өтті.
Жиын барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі күннің тарихи әрі символикалық мәніне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы дәл осы күні, 2014 жылғы 29 мамырда Қазақстан елордасында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылғанын атап өтті.
– Бұл оқиға еуразиялық интеграцияның маңызды кезеңі ретінде тарихта қалды. Одақ құрылған уақыттан бері еуразиялық «бестіктің» негізгі ынтымақтастық алаңына айналды. Осыған орай әріптестерімді Еуразиялық экономикалық одақ күнімен құттықтаймын. Бірлестік алдағы уақытта да елдеріміз бен халықтарымыздың игілігі жолында қызмет ете береді деп сенемін, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы отырыс барысында сыртқы сауда, экономикалық ынтымақтастық және жасанды интеллектіні дамыту мәселелері талқыланатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы мазмұнды пікір алмасу Еуразиялық экономикалық форум аясында басталған.
Президент кездесу дәстүрлі түрде конструктивті жағдайда өтіп, өзара тиімді шешімдер қабылданатынына сенім білдірді.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы аясында қатысушы мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, интеграциялық үдерістерді жетілдіру және жаңа технологияларды дамыту мәселелері күн тәртібіне шығарылды.