Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тарихи даму жолы мен қазіргі стратегиялық бағытына қатысты маңызды ойларымен бөлісті. Мемлекет басшысы Қазақстанның берік орныққан президенттік басқару үлгісі тарихи тамырын тереңнен, соның ішінде Алтын Орда кезеңіндегі саяси жүйеден бастау алатынын атап өтті. Бұл пікір мемлекеттегі басқару дәстүрінің сабақтастығын айқындап, ұлттық мемлекеттіліктің тарихи негіздерін жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді.

Президенттің айтуынша, жаңа Конституцияда қазақ елінің шежіресі Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихымен тығыз байланысты екені айқын көрсетілген. Осы тарихи сабақтастық мемлекеттің рухани және идеологиялық іргетасын нығайтады. Астана қаласында Ұлы дала өркениетіне арналған зәулім ғимараттың салынуы және ЮНЕСКО аясында Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиумның өткізілуі – осы бағыттағы маңызды қадамдар қатарында.

Президент Алтын Орданың ең басты мұрасы – оның құндылықтық жүйесі екенін ерекше атап өтті. Түрлі этностар мен мәдениеттердің ортақ ережелер негізінде бейбіт өмір сүруі сол кезеңдегі өркениеттік жетістіктің көрінісі болған. Бұл тәжірибе бүгінгі Қазақстан үшін де маңызды стратегиялық бағдар ретінде бағаланады.

Президент қазіргі заманның басты ерекшелігі ретінде жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуын атады. Бұл үрдіс дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторға айналып отыр. Мемлекет басшысының пікірінше, осы тарихи мүмкіндікті тиімді пайдалану тек қуатты әрі болашағын нақты айқындаған мемлекеттердің қолынан келеді.

Іс-шара аясында еліміздің әскери және құқық қорғау салалары бойынша бірқатар жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне «аға лейтенант» шені табысталды. Атап айтқанда, С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты, Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясы, Шекара академиясы, Ішкі істер министрлігінің Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы, Ұлттық ұлан академиясы және М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының түлектері марапатталды.