Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ұлттық банкінің 2025 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен 2026 жылға арналған негізгі жоспарлары туралы есепті тыңдады. Кездесу барысында елдің ақша-несие саясаты, қаржы жүйесінің тұрақтылығы, алтын-валюта резервтері, Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері, сондай-ақ цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту мәселелері кеңінен қарастырылды.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мемлекет басшысына ел экономикасындағы негізгі көрсеткіштер туралы баяндады. Оның айтуынша, жүргізілген ақша-несие саясатының нәтижесінде инфляция деңгейін төмендету бағытында оң өзгерістер байқалған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 12,3 пайызға дейін бәсеңдесе, биылғы жылдың мамыр айындағы көрсеткіш бойынша ол 10,4 пайызды құрады.
Кездесу барысында Президентке Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерінің жағдайы жөнінде де толық ақпарат ұсынылды. Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы алтын-валюта резервтері өткен жылы тарихи жоғары деңгейге жетіп, 65,4 миллиард долларды құрады. Сонымен қатар Ұлттық қордың валюталық активтері 5,1 миллиард долларға ұлғайып, жалпы көлемі 63,9 миллиард долларға жеткен.
БЖЗҚ активтері де айтарлықтай өскен. Өткен жылы олардың көлемі 2,7 триллион теңгеге артып, жалпы сомасы 25,1 триллион теңгені құрады. Бұл көрсеткіштер еліміздің қаржы жүйесінің орнықтылығын және жинақталған қаражаттың тиімді басқарылып жатқанын көрсетеді.
Кездесуде цифрлық технологияларды дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысына қаржы саласын цифрландыру және заманауи цифрлық жобаларды жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Атап айтқанда, 2025 жылы цифрлық активтерге арналған арнайы құқықтық режим іске қосылып, оның аясында нақты активтерді токендеу, стейблкоиндер шығару, криптопровайдерлер қызметін ұйымдастыру және крипто-фиат арналарын дамыту бойынша 30-дан астам пилоттық жоба жүзеге асырылған.