Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдап, өңірдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп тыңдады.
Кездесу барысында облыс әкімі өткен жылы өңірлік жалпы өнім көлемі 3,9 триллион теңгеге жеткенін атап өтті. Сонымен қатар 2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құрап, өңір экономикасында оң динамика сақталғаны айтылды. Инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында тұрақты даму байқалды.
Берік Уәлидің мәліметінше, инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде инвестициялық пулға енгізілген жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайып, жалпы инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін артты. Бұл өңірдің экономикалық тартымдылығының айтарлықтай күшейгенін көрсетеді.
Сонымен қатар құны 577,5 миллиард теңге болатын «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы, Семей қаласындағы 714 миллиард теңгелік жаңа жылу электр орталығы және 255 миллиард теңге көлеміндегі тау-кен байыту комбинаты сияқты ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Кездесуде арнайы экономикалық аймақ құру, Семей қаласында 400 миллиард теңгелік өндірістік жобаларды іске асыру және 2 500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлары да қаралды. Алакөл туристік аймағын дамыту, жағалау инфрақұрылымын жаңғырту және Үржар әуежайын қайта жаңарту жұмыстары туралы да ақпарат берілді.
Мемлекет басшысы өңірге инвестиция тартуды күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ «Абайға құрмет» акциясын сапалы жүзеге асырудың маңызын атап өтті.