Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Еуропалық кеңес Президенті Антониу Коштаның және Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйеннің қатысуымен Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды құжаттарға қол қою рәсімі өтті.
Салтанатты рәсім барысында тараптар көлік, авиация, инфрақұрылым, цифрлық технологиялар және өнеркәсіп салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға арналған бес құжатты рәсімдеді.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасында «Әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы» келісімге қол қойылды. Бұл құжат азаматтық авиация саласындағы байланыстарды жаңа деңгейге көтеріп, әуе қатынастарын кеңейтуге және халықаралық стандарттарды енгізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «Air Astana» акционерлік қоғамы мен Airbus компаниясы арасында 50-ге дейін әуе кемесіне тапсырыс беру жөніндегі келісім рәсімделді. Аталған жоба еліміздің авиациялық әлеуетін арттырып, жолаушылар тасымалының сапасын жақсартуға және әуе флотының жаңаруына серпін береді.
Көлік инфрақұрылымын цифрландыру бағытында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында интеллектуалды көлік жүйесін енгізу және «Е-жолдары» цифрлық платформасын әзірлеуге грант бөлу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Бұдан бөлек, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен Еуропалық инвестициялық банк арасында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының бір бөлігі болып саналатын Қазақстан өңірлеріндегі автомобиль жолдарын қалпына келтіру жобаларын қаржыландыру жөніндегі келісім жасалды. Бұл бастама еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға және халықаралық көлік дәліздерін дамытуға ықпал етеді.
Қол қойылған құжаттар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сенімді әріптестіктің айқын көрінісі болып табылады және экономиканың басым бағыттары бойынша ұзақмерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге берік негіз қалайды.