Брюссельге ресми сапары аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақ пен Еуропалық инвестициялық банктің жоғары лауазымды өкілдерімен кездесті. Президент Сауда және экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі еурокомиссар Марош Шефчовичпен, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайспен және Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Марек Морамен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта және Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен өткен келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалап, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға тараптардың өзара мүдделі екенін атап өтті.

Президент бұл сапардың маңызды нәтижелерінің бірі жалпы құны 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер мен меморандумдарға қол қойылуы екенін айтты. Оның пікірінше, бұл еуропалық бизнестің Қазақстан экономикасына және елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформаларға деген жоғары сенімін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық инвестициялық банкпен қалыптасқан нәтижелі әріптестіктің маңызын атап өтіп, қаржы институтымен ынтымақтастық Қазақстанның орнықты экономикалық дамуына және өңірлік өзара байланыстарды нығайтуға бағытталған бастамаларды іске асыруға жаңа мүмкіндік беретінін жеткізді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Брюссельде өткен «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстеліне қатысып, Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің іскерлік қауымдастығы өкілдері алдында сөз сөйледі. Президент бүгінде Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 45 миллиард доллардан асып, елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жартысына жуығы ЕО елдерінің үлесіне тиесілі болды.

Мемлекет басшысы Қазақстанда төрт мыңға жуық еуропалық компания табысты жұмыс істеп жатқанын айтып, Airbus, Polpharma Group, Air Liquide Group, Škoda Group және Alstom секілді компаниялардың ұзақ жылдар бойы сенімді серіктеске айналғанын жеткізді.