Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті қабылдады. Кездесу барысында биыл 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық барысы талқыланды.

Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысына алдағы сайлау науқанын ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндады. Сайлау үдерісінің барлық кезеңдерін заң талаптарына сәйкес өткізу, сайлаушылардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау рәсімдерінің ашықтығын сақтау мәселелеріне ерекше мән беріліп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы сайлаудың ел тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл науқанның тарихи сипаты мен қоғамдық-саяси маңызы айрықша. Құрылтай депутаттарын сайлау азаматтардың елдің саяси өміріне белсенді қатысуына жаңа мүмкіндік беріп, мемлекеттік басқару жүйесінің жаңару үдерісіне серпін береді.

Президент сайлау науқанын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу қажеттігіне назар аударды. Осы ретте барлық сайлау рәсімдерінің заң талаптарына қатаң сәйкестігі, азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуы және дауыс беру үдерісінің ашықтығы басты басымдықтардың бірі болуы тиіс.

Мемлекет басшысы сайлауды «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде өткізуге ерекше мән берді. Қасым-Жомарт Тоқаев барлық саяси үдеріске қатысушылар үшін тең жағдай қалыптастыру, сайлау науқаны барысында заң талаптарын сақтау және азаматтардың еркін таңдау жасауына қажетті мүмкіндіктерді қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.

Алдағы сайлаудың сапалы өтуі сайлау комиссияларының жұмысына, ұйымдастырушылық дайындыққа және халықтың ақпараттандырылу деңгейіне тікелей байланысты. Осыған орай сайлаушыларға дауыс беру тәртібі мен өз құқықтары туралы толық әрі нақты ақпарат ұсыну маңызды.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Орталық сайлау комиссиясының алдына бірқатар міндет қойды. Негізгі басымдықтар – сайлау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, сайлау рәсімдерінің ашықтығын арттыру және барлық азаматтың дауыс беру құқығын жүзеге асыруына жағдай жасау.