Бүгін, 23 тамызда елімізде Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Осыған орай Шымкент қаласындағы сайлау учаскелерінде дауыс беру процесіне сай жағымды қоғамдық ахуал қалыптастыруға бағытталған бірқатар ұйымдастырушылық шаралар өткізілуде.
Қаладағы сайлау учаскелерінде музыкалық сүйемелдеу ұйымдастырылып, дауыс беруге келген тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйланды. Мерекелік әуендер сайлау учаскелеріндегі жағымды атмосфераны қалыптастырып, маңызды қоғамдық-саяси науқанның мәнін айшықтай түсті.
Таңғы уақыттан бастап сайлау учаскелеріне тұрғындар келе бастады. Азаматтар белгіленген тәртіппен тіркеуден өтіп, бюллетень алып, өз таңдауларын жасауда. Музыкалық сүйемелдеу тұрғындардың сайлау учаскесінде жайлы жағдайда болуы мен сайлау күнінің ерекшелігін сезінуіне мүмкіндік берді.

Мәселен, Көрме орталығында орналасқан №360 сайлау учаскесінде де таңертеңнен бастап музыкалық бағдарлама ұйымдастырылды. Мұнда дауыс беруге келген азаматтарды жағымды әуендер қарсы алып, сайлау процесіне өзіндік мерекелік сипат берді.
№360 сайлау учаскесі Көрме орталығында алғаш рет ашылып отыр. Аталған учаске бойынша барлығы 1870 сайлаушы тіркелген. Олардың дауыс беруіне қажетті жағдай жасалып, сайлау комиссиясы белгіленген талаптарға сәйкес жұмыс жүргізуде.
Бұл учаскеде сайлау комиссиясының 7 мүшесі азаматтарды қабылдап, дауыс беру процесінің ұйымдасқан түрде өтуін қамтамасыз етуде. Комиссия мүшелері сайлаушылардың құжаттарын тексеру, тізім бойынша тіркеу және бюллетень беру жұмыстарын атқаруда.
Сайлау күні қала тұрғындарының белсенділігі байқалады. Азаматтардың дауыс беру учаскелеріне келіп, өз конституциялық құқықтарын жүзеге асыруы елдің қоғамдық-саяси өміріне деген жауапкершілікті көрсетеді.
Шымкентте сайлау процесі белгіленген тәртіпке сәйкес жалғасуда. Қала тұрғындары үшін барлық қажетті жағдай жасалып, сайлаушылардың өз таңдауын еркін білдіруіне мүмкіндік берілген.