Шымкентте сайлау учаскелері өз жұмысын бастады. Мемлекеттік Әнұран салтанатты түрде орындалғаннан кейін учаскелік комиссиялар Құрылтай депутаттарын сайлауға келген азаматтарды қабылдауға кірісті.

Алғашқылардың бірі болып Желтоқсан көшесіндегі Достық үйінде орналасқан №4 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Дауыс берудің алғашқы минуттарынан-ақ мұнда көтеріңкі әрі мерекелік көңіл күй қалыптасты. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері азаматтық ұстанымдарын білдіру үшін сайлау учаскесіне бірге келді.

Сайлаушыларды дәстүрлі қазақтың шашу рәсімімен және «Әжелер» ансамблінің орындауындағы әндермен қарсы алды.

Алғаш болып өз дауысын Шымкент қаласының 35 жастағы тұрғыны, Аналар кеңесінің мүшесі Карима Қошмұратова берді. Ол еліміздегі бірлік, бейбітшілік пен келісімнің маңыздылығына тоқталды.

«Дауыс беруге қатысу – азаматтық құқық қана емес, елдің болашағы алдындағы жауапкершілік. Бүгінде Қазақстандағы барлық этнос өкілдері арасындағы бірлік, бейбітшілік пен келісімді сақтау аса маңызды», – деді Карима Қошмұратова.

№4 сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне 881 Шымкент тұрғыны енгізілген. Жасырын дауыс беруге арналған үш кабина, бюллетень беретін арнайы орындар мен дауыс беру жәшіктері дайындалған.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Қызылгүл Құлбаеваның айтуынша, сайлау учаскесі дауыс беруді өткізуге толық дайын. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де қажетті жағдай жасалған.

«Жасырын дауыс беру үшін үш кабина орнатылып, бюллетень беретін орындар мен жәшіктер дайындалды. Қолжетімді орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Арнайы бұрышта аудиожазба, құлаққап, қосымша жарықтандыру, үлкейткіштер және Брайль қарпімен жазылған трафарет қарастырылған», – деді комиссия төрайымы.

Сайлау учаскесінде тәуелсіз байқаушылар да жұмыс істеуде. Олардың айтуынша, дауыс беру процесі ашық әрі белгіленген талаптарға сәйкес өтіп жатыр.

№4 сайлау учаскесі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Одан кейін учаскелік комиссия дауыс санау рәсіміне кіріседі.