Шымкент қаласында 2026–2027 жаңа оқу жылы басталып, мектеп партасына 405 мыңға жуық оқушы отырды. Оның ішінде шамамен 29 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім әлеміне қадам басты. Бұл – қаладағы білім беру саласының ауқымы мен демографиялық өсімнің айқын көрінісі.
Білім күніне арналған негізгі салтанатты жиын Теріскей шағынауданындағы күрделі жөндеуден өткен №46 мектеп-лицейде ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Биылғы 1 қыркүйектегі алғашқы сабақтар мен салтанатты жиындар «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбына арналды. Іс-шара Мемлекеттік Туды көтеріп, Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаудан басталып, елдік құндылықтар мен азаматтық жауапкершіліктің маңызын дәріптеді.
Қала әкімі өз сөзінде сапалы білім беру, білім беру жүйесін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын меңгеру және жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар қазіргі заман талабына сай білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі ерекше екенін жеткізді.
Шымкентте білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Соңғы екі жылда қалада 13 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Биыл 7 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, 6 мектепке қосымша ғимараттар салынды. Бұл жұмыстар оқушылардың сапалы әрі қауіпсіз білім алуына мүмкіндік береді.
№46 мектеп-лицейде биыл 478 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Ғимараттың қасбеті мен шатыры жаңартылып, спорт залы және жертөле бөлігі заманауи талаптарға сай қайта жөнделді. Екі ауысымда білім алатын мектепте бүгінде шамамен 2700 оқушы оқиды, ал биыл бірінші сыныпқа 218 бала қабылданды.
Білім күні аясындағы барлық іс-шаралар тәрбие мен ұлттық құндылықтарға басымдық бере отырып, артық шығынсыз ұйымдастырылды. Салтанатты жиындардан кейін барлық мектептерде Конституция құндылықтары, адал азаматтық, жауапты қоғам және жалпыұлттық жобаларға арналған бірыңғай сынып сағаттары өткізіліп, жаңа оқу жылы мазмұнды бастау алды.