Шымкентте Білім күніне орай Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттеріне қала әкімінің білім гранттары табысталды. Салтанатты іс-шара «Қызғалдақ сарайында» өтіп, білім алушылар үшін жаңа оқу жылына сәтті бастау болды.

Биыл университетке білім беру бағдарламаларының барлық деңгейі бойынша 3 020 талапкер қабылданды. Оның ішінде бакалавриатқа түскен 2 439 жастың 529-ы мемлекеттік білім грантына, ал 91 талапкер Шымкент қаласы әкімінің грантына ие болды.

Қала әкімінің білім гранты – жастардың сапалы білім алуына және таңдаған мамандығын терең меңгеруіне жасалған нақты қолдаудың бірі. Әсіресе педагог кадрларды даярлау елдің білім беру жүйесін дамытуда маңызды рөл атқарады. Осы ретте болашақ ұстаздарға қолдау көрсету – білім сапасын арттыруға бағытталған инвестиция.

Салтанатты жиында Шымкент қаласының жастар саясаты басқармасының басшысы Ә. Әбдәкімов студенттерді Білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылында білім алушыларға табыс тіледі. Ол студенттік кезеңнің кәсіби білім мен тәжірибе жинақтап, тұлғалық дамуға мүмкіндік беретін маңызды уақыт екенін атап өтті.

Жастарға университет қабырғасында сапалы білім алумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарына, қоғамдық бастамаларға, волонтерлік қозғалысқа, спорт пен шығармашылық бағыттарға белсенді қатысуға шақыру айтылды.

Бүгінде еңбек нарығында кәсіби біліммен қатар, цифрлық технологияларды меңгеру, шет тілдерін білу, еңбекқорлық пен жауапкершілік секілді қасиеттердің маңызы артып келеді. Сондықтан студенттердің жан-жақты дамуына жағдай жасау – жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі.

Шымкент қаласында жастардың білім алуына, кәсіби қалыптасуына және өз әлеуетін жүзеге асыруына қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қала әкімінің грантына ие болған 91 студент үшін бұл – үлкен мүмкіндікпен қатар, маңызды жауапкершілік.

Ендігі міндет – білім алушылардың осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, таңдаған мамандығын терең меңгеруі және алған білімін қоғам игілігіне бағыттауы.