Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.
Мемлекет басшысы жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырып, қонақжайлық танытқаны үшін Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа және барша қырғыз халқына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қырғызстан мен Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Садыр Жапаров пен Шавкат Мирзиёевті құттықтап, бауырлас халықтарға бақ-береке тіледі.
Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25 жыл ішінде ауқымды халықаралық құрылымға айналғанын атап өтті. Бүгінде ШЫҰ Еуразияның едәуір бөлігін қамтып, адамзаттың жартысына жуығын біріктіретін ықпалды ұйым ретінде қалыптасты.
Президент ұйым қызметінің негізінде егемендікті құрметтеу, ішкі істерге араласпау, өзара сенім, ашықтық пен ынтымақтастық қағидаттары жатқанын атап өтті. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда мемлекеттер арасындағы өзара сенімді сақтау мен көпжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызы артып отырғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы ШЫҰ аясындағы сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті кеңейтуге ерекше мән берді. Оның айтуынша, ұйымға мүше мемлекеттердің өзара тауар айналымы бір триллион долларға жуықтаған. Дегенмен экономикалық әлеуетті толық пайдалану үшін жаңа өсім бағыттарын қалыптастырып, өндірістік, технологиялық және ресурстық мүмкіндіктерді тиімді үйлестіру қажет.
Осы мақсатта Қасым-Жомарт Тоқаев индустриялық консорциумдар тетігін пилоттық жоба ретінде енгізуді ұсынды. Сонымен бірге шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарының базасында ШЫҰ трансшекаралық сауда аймақтарын құру бастамасын көтерді.
Президент Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі бастамасын Қазақстан қолдайтынын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қаржы институтының ресурстарын инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға бағыттаудың маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан аталған институттың штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға дайын екенін жеткізді. Жалпы, Қазақстан ШЫҰ-ны бейбітшілік, өзара сенім және ортақ даму қағидаттарына негізделген қуатты халықаралық қоғамдастық ретінде одан әрі нығайтуға мүдделі.