Шымкент қаласында баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бүгін қалада 40 тұрғын мен олардың отбасына жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Салтанатты шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жаңа қоныстанушыларды баспаналы болуымен құттықтады.
Жаңа пәтер иелерінің қатарында ұзақ уақыт бойы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар бар. Олардың арасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар қамтылған.
Қала әкімі өз сөзінде тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – шаһардың әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бұл ретте баспанаға мұқтаж азаматтарды қолдауға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға және әлеуметтік осал топтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Көпжан Тілеубаевтың айтуынша, жаңа қоныстанушыларға пәтерлер «Асар-2» шағынауданында орналасқан жаңа тұрғын үйлерден берілді. Баспаналар «Отбасы банк» АҚ-ның жеңілдетілген несиелік бағдарламалары аясында рәсімделген.
Жаңа пәтерлер заманауи талаптарға сай жабдықталған. Қоныс аударған отбасылар үшін бұл – тұрғын үй жағдайын жақсартып қана қоймай, жаңа өмір кезеңін бастауға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Айта кетейік, Шымкентте тұрғын үй мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға баспана беру арқылы олардың тұрмыс сапасын арттыруға және тұрақты өмір сүруіне жағдай жасауға басымдық берілуде.
Бүгінгі баспана кілтін алған 40 отбасы үшін бұл күн – көптен күткен қуанышты сәт. Жаңа қоныс иелеріне ақжолтай тілектер айтылып, әр шаңыраққа береке мен бақ, жаңа баспаналарында бақытты ғұмыр тіленді.