Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы, Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті То Ламға және барша Вьетнам халқына елдің ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады.

Мемлекет басшысы өз құттықтауында Вьетнамның Тәуелсіздік күнінің ел тарихындағы айрықша маңызын атап өтті. Президенттің пікірінше, бұл мереке Вьетнам халқының бірлігі мен жасампаз рухын, сондай-ақ мемлекеттің тұрақты даму мен әлеуметтік-экономикалық өркендеуге бағытталған табанды ұмтылысын айқын көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамның соңғы жылдары экономикалық және әлеуметтік даму бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, халықаралық аренадағы беделін нығайтып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы достық байланыстар мен өзара сенімге негізделген серіктестіктің одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. Оның айтуынша, бірлескен күш-жігердің арқасында Қазақстан мен Вьетнам арасындағы стратегиялық серіктестік барлық бағыт бойынша қарқынды дамып, екі халықтың игілігіне қызмет ете береді.

Құттықтау жеделхатында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүмкіндік мол екені атап өтілді. Қазақстан тарапы Вьетнаммен достық әрі өзара тиімді байланыстарды нығайтуға мүдделі.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев То Ламға жауапты мемлекеттік қызметіне толайым табыс, зор денсаулық және бақ-береке, ал Вьетнам халқына бейбітшілік, тұрақтылық пен елдің одан әрі өркендеуін тіледі.