Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Лаос Президенті Тхонглун Сисулитпен шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, оның Қазақстанға жасаған алғашқы сапарын екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы маңызды оқиға ретінде бағалады. Президент келесі жылы Қазақстан мен Лаос арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел арасындағы байланыстар достық және өзара құрмет қағидаттарына негізделген. Қазақстан мен Лаос халықаралық аренада, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында тығыз ынтымақтастық орнатып келеді. Сонымен қатар Лаос Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі аясында көтерген бастамаларын қолдап отырғаны атап өтілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Лаосты Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі ретінде бағалайтынын жеткізді. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы саяси диалогты одан әрі нығайтып, сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік мол екенін айтты.
Кездесуде Лаос экономикасының соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп келе жатқанына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салаларында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгені атап өтілді.
Мемлекет басшысы аталған бағыттар Қазақстан мен Лаос арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
Тараптар екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылап, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екендерін білдірді. Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында екі ел үкіметтерінің бірлескен жұмысты жандандыруының маңызы атап өтілді.