Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лаос Халық Демократиялық Республикасының Президенті Тхонглун Сисулит делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Лаос арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Мемлекет басшысы Лаос Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары екіжақты байланыстарды нығайтуға жаңа серпін беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Лаосты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес ретінде қарастыратынын жеткізді. Президент сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту екі мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеретін маңызды фактор екенін айтты.
Мемлекет басшысының пікірінше, Лаос нарығына қазақстандық өнімдерді жеткізу көлемін арттыруға мүмкіндік мол. Атап айтқанда, металл, азық-түлік, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика салаларының өнімдерін экспорттау бағытында әлеует жоғары.
Келіссөздер барысында көлік-логистикалық ынтымақтастыққа да ерекше мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Орталық Азиядағы стратегиялық орналасуына және Қытай мен Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудағы рөліне тоқталды.
Президент Қазақстанның Батуми және Ляньюньган порттарындағы терминалдары, сондай-ақ Сиань қаласында іске қосылған логистикалық хабы Лаос кәсіпкерлері мен жүк тасымалдаушылары үшін де тиімді пайдаланылуы мүмкін екенін атап өтті. Бұл инфрақұрылым Лаос өнімдерін Орталық Азия мен Еуропа нарықтарына шығаруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қазақстан Лаос арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына шығатын тауар көлемін арттыруға мүдделі.
Мемлекет басшысы Лаос–Қытай теміржолының транзиттік әлеуетті күшейтіп, АСЕАН елдерін Қытай және Еуропамен байланыстырудағы маңызын жоғары бағалады. Осыған байланысты үкіметтерге көлік-логистика саласында үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдерді пысықтау тапсырылды.
Кездесу қорытындысы екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталды.