Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-Президент Ерлан Қаринді қабылдап, ішкі саясаттың басым бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есебін тыңдады.
Кездесу барысында Президент тапсырмаларының орындалу барысы және Мемлекет басшысының бастамаларын ілгерілету мәселелері қарастырылды. Атап айтқанда, бірінші шақырылған Құрылтайдың алғашқы сессиясында және Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында белгіленген міндеттерді іске асыруға баса назар аударылды.
Ерлан Қарин конституциялық құндылықтарды түсіндіру және насихаттау, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру бағыттарында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету және «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын енгізу мәселелері талқыланды.
Вице-Президент Мемлекет басшысына этносаралық келісімді нығайту, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру бағыттарындағы жұмыстар туралы мәлімет берді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді. Президент конституциялық қағидаттар мен құндылықтар ұлттық болмыс пен қоғамдық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналуы қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық пен бірлік ел дамуының маңызды негіздері болып саналады. Азаматтардың ортақ мақсаттар жолында жұмыла білуі де мемлекеттің тұрақты дамуына ықпал етеді.
Осыған байланысты қоғамдық құндылықтарды нығайту, азаматтық жауапкершілікті арттыру және жас ұрпаққа тәрбие беру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру маңызды.
Кездесу ішкі саясаттың негізгі міндеттерін іске асыру, қоғамдық келісімді сақтау және елдің даму басымдықтарын жүзеге асыру мәселелеріне арналды.