Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 20 жылдық мерейтойына арналған «Архивтер: цифрлық трансформация, конституциялық құндылықтар, тарихи мұра» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Маңызды басқосуға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және мемлекеттік органдардың өкілдері, архив саласының отандық және шетелдік мамандары, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Сонымен қатар конференция жұмысына Түркия, Ресей, Өзбекстан, Сауд Арабиясы және Тәжікстанның архив мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері арнайы қатысты.
Іс-шараның ашылуында Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің ұжымы мен ардагерлеріне жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
Президент өз құттықтауында Ұлттық архивтің еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау, жүйелеу және келер ұрпаққа жеткізу ісіндегі маңызды рөліне тоқталды. Архивтерде сақталған құжаттар халқымыздың өткені мен бүгінін сабақтастыратын аса құнды рухани қазына екені атап өтілді.
Жиырма жыл ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві ел тарихына қатысты маңызды құжаттарды жинақтап, сақтаумен қатар, оларды ғылыми айналымға енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Архив қоры Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуын зерделейтін зерттеушілер үшін маңызды дереккөзге айналды.
Конференция барысында архив ісін цифрландыру, тарихи құжаттарды сақтау мен қолжетімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу, сондай-ақ халықаралық тәжірибені пайдалану мәселелері талқыланды. Қатысушылар архив саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Ұлттық архивтің 20 жылдығы – тарихи мұраны сақтау жолында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби еңбегін бағалап, архив ісінің болашақтағы даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік берген маңызды мерейтойлық белес.