Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Anadolu Group холдингінің төрағасы Камиль Сулейман Языджиді қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен холдинг арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, экономиканың түрлі салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру және жаңа инвестициялық бастамаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Президент Anadolu Group құрамына кіретін Efes Kazakhstan және Coca-Cola Almaty Bottlers кәсіпорындарының Қазақстан экономикасының дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Мемлекет басшысы бұл компаниялардың елімізде ұзақ жылдар бойы табысты жұмыс істеп, мыңдаған жұмыс орнын ашуға, тікелей инвестициялар тартуға, өндірісті дамытуға және бюджетке салық түсімдерін арттыруға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Кездесу барысында Камиль Сулейман Языджи Мемлекет басшысына холдингтің Қазақстандағы қызметінің нәтижелері мен алдағы инвестициялық жоспарлары жөнінде баяндады. Оның айтуынша, Anadolu Group соңғы 30 жыл ішінде елімізге шамамен 1 миллиард доллар инвестиция құйып, 10 мыңнан астам жұмыс орнын құрған. Қазіргі таңда компанияның сусын өндіретін бес зауыты табысты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар Ақтөбе облысында құны 100 миллион доллар болатын алтыншы өндірістік кәсіпорынның құрылысы басталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіпті жаңғырту және қосылған құны жоғары өнім өндіру бағытындағы реформалардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Президент шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі екенін айтып, өндірістік кооперацияны кеңейтуге және жаңа технологияларды енгізуге ерекше мән берілетінін жеткізді.
Тараптар сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамыту, экспортқа бағдарланған өндірістерді іске қосу, инновациялық жобаларды жүзеге асыру және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Anadolu Group Қазақстандағы инвестициялық қызмет аясын кеңейтуге және экономиканың жаңа секторларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытатынын жеткізді.