Алматының Алатау ауданында 400-ден астам адамды біріктірген жыл сайынғы Әкелер форумы өтті. Іс-шара «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында ұйымдастырылып, отбасы институтын нығайтуға және жауапты әкелік мәдениетті қалыптастыруға бағытталды.
Форумға мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, білім беру саласының өкілдері мен ата-аналар қауымдастығы қатысты. Қатысушыларды Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев құттықтап, әкенің тәрбиедегі рөлі, ата-ана мен бала арасындағы тікелей қарым-қатынастың маңызын атап өтті.

Кездесу барысында отбасы құндылығы, ата-аналардың мектеппен өзара іс-қимылы, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы буллингтің, зорлық-зомбылықтың және құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары талқыланды. Аудан прокуратурасының аға прокуроры Қуаныш Әбілмәжінова 2024-2025 жылдар аралығында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 24-тен 17-ге дейін азайғанын айтты. Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, көпбалалы әке Саят Қамшыгер балалар тәрбиесіне арналған «Тәрбие баспалдақтары» кітабын таныстырды.