Елорда жастары Конституциялық реформаға қолдау көрсетіп, live-концертке қатысты. Іс-шара 10 мыңнан астам адамды біріктіріп, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы жұмысы аясындағы алғашқы ірі қоғамдық алаңдардың біріне айналды. Концерт барысында қазақстандықтарды алдағы референдумға қатысып, Жаңа Конституция жобасы бойынша өз ұстанымын білдіруге үндеу жасалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, конституциялық өзгерістер – елдегі жүйелі саяси жаңғырудың жалғасы. Оның айтуынша, реформалардың негізгі мақсаты – әділдік пен заң үстемдігі қағидаттарын нығайту, өкілді институттардың рөлін күшейту және билік тармақтарының өзара іс-қимылының неғұрлым теңгерімді моделін қалыптастыру. Президент ұсынылған өзгерістердің мәнін ашық түрде қоғам талқысына шығарып, халықты кеңінен ақпараттандыру маңызды екенін де атап өткен еді.
Іс-шара қоғамдық мәдени акция форматында өтіп, оған елорда тұрғындары мен қонақтары жиналды. Сахнада белгілі қазақстандық орындаушылар – Raim, Дастан Оразбеков, Bayansulu, Nazzarbeck, Ақтоты Болшова және өзге де әртістер өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама Жалпыұлттық коалиция мүшелерінің тақырып аясындағы баяндамаларымен жалғасын тапты. Жарқынбек Амантай, Мақсат Толықбай, Айкерім Есенәлі, Ақерке Искандерова Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алдағы референдум туралы азаматтарды хабардар етті. Сондай-ақ олар саналы таңдау жасау мен белсенді азаматтық ұстанымның маңызын атап өтті.
Акерке Искандерованың айтуынша, Жаңа Конституция жобасы азаматтардың қатысу аясын кеңейтіп, жастардың қоғамдық процестерге белсенді араласуына жағдай жасайды.
«Ұсынылып отырған өзгерістердің түпкі мәні – тәуелсіздігімізді нығайту, қорғау және жаңа буынға қуатты мемлекетті аманат ету. Алдағы референдум – бұл жай ғана дауыс беру емес, әрқайсымыздың ел тағдырына қосатын үлесіміз. «Менің пікірім маңызды» деп айту мүмкіндігі. Болашақ өз қолымызда», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, іс-шара 10 мыңнан астам адамды біріктіріп, Жалпыұлттық түсіндіру науқаны аясындағы алғашқы ауқымды қоғамдық алаңдардың біріне айналды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жетекші саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерін біріктірген коалиция құрылғаны туралы хабарланды.