Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады. Президент өз құттықтауында ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының рухани және зияткерлік мұрасының қазақ халқы үшін ғана емес, әлемдік мәдениет үшін де айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Абай ілімін халықтың рухани дамуына бағыт беретін темірқазыққа теңеді. Ұлы ойшыл өз шығармаларында қоғамды толғандырған өзекті мәселелерді ашық айтып, елді білімге, еңбекке, жауапкершілікке және ізденіске үндеді. Ақынның жалқаулық пен бейқамдықтан арылып, ғылым мен өнерді меңгеруге шақырған тағылымы қазіргі кезеңде де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Президент әсіресе Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасының маңызын атап өтті. Бұл идея әр азаматты рухани кемелдікке ұмтылуға, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруге және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге үндейді.

Биылғы Абай күні Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Президенттің айтуынша, Қазақстанның Халық Конституциясының заңды күшіне енуі елдегі билік институттарын жаңғырту үдерісіне жаңа серпін беріп, мемлекеттің ұзақмерзімді даму бағдарын айқындайтын маңызды кезеңге жол ашты.

Мемлекет басшысы алдағы уақытта ел тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтетінін атап өтті. Бір палаталы Парламенттің қалыптасуы реформаларды сапалы әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі реформалардың түпкі мақсаты жасампаздық құндылықтарын қоғам санасына орнықтыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және Қазақстанның орнықты дамуына жағдай жасау екенін айтты.

Президент «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» идеялары Абай армандаған әділетті әрі берекелі қоғамның құндылықтарымен үндесетінін атап өтті.

Мемлекет басшысы ұлы ойшылдың мол мұрасы жас ұрпақты отаншылдыққа, білімге, еңбекқорлыққа және туған елге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуде маңызды рухани негіз болатынына сенім білдірді.