Шымкенттік шебер былғарыдан сөмке тігеді

Сапалы отандық өнімдерді алға шығаруды арман еткен қолөнер шебері-шымкенттік Асқар Сәтпаев. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт сол үшін де бүгінде терін тамшылатып еңбектеніп жүр. Қайыстан әмиян, белдік және сөмке тігеді. Көпқабатты үйдің аядай балконын өз шеберханасына айналдырған. Алғашында тек белдік тігумен айналысса, кейін сапалы әрі қолжетімді бағада сөмкелер де тіге бастаған.
«Бұл іспен айналысып жатқаныма үшінші жыл болады. Бұл суретшілердің жұмысы сияқты емес. Оларға өз жұмысымен айналысу үшін бояу және мольберт қажет болса болғаны. Ал бізге ше? Бір ғана кішкентай кнопканы қадау үшін, арнайы станок қажет. Сондықтан да мен бір жылға жуық арнайы техникаларды жинадым», — дейді Асқар.
Өнімдерінің бағасы да қолжетімді. Есесіне 1 жылдан кейін де ұстауға ұялмайсыз.Өңі қашып, жыртылып немесе сырты көшпейді. Өйткені, 100 пайыз теріден жасалған өнім.
«Біз шикізат өндірмей, дайын өнімді ғана тұтынып, сатып алуға бейімбіз. Егер, қазақ малының терісін Қытайға, Қырғызға, Түркияға жібермей, өзімізде өңдесек, қаншама өндіріс орындары ашылып, адамдар жұмыспен қамтылатын еді. Мысалы, мен де 10-ға жуық адамды жұмыспен қамти аламын»,- дейді шебер.
Асқар өз қолынан шыққан өнімдерінің сапасы мықты болғанымен, сырт келбетінің көркемдігін әлі де жақсартпақ ниетті. Тілшілік қызметті қолөнерімен бірге алып жүрген Асқар шағын шеберханасының құрылысы аяқталып қалғанын да айтты. Бұл дегеніміз, нарыққа бәсекеге қабілетті отандық өнім жол тартады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*