Шымкент қызғалдақтар отанына айналады

Жылдағы дәстүр бойынша, сәуір айында «Қызғалдақ жолы» атты халықаралық фестиваль Шымкентте өтеді. Баршаға белгілі Шымкент биыл ТМД елдерінің мәдени астанасы атанды. Сондықтан, жауапты салалар қызғалдақ фестивалін ерекше өткізуді қазірден қолға алыпты.
Фестиваль аясында шеберлер қалашығы құрылып, суретшілерге де бөлек алаң беріледі деп жоспарланған. Фестиваль аясында флористер дайындаған шоқгүлдер қойылып, фотокөрме, балғындардың қылқаламынан туындаған суреттер галлереясы ұйымдастырылады.


«Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды. Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады.
Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі». Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында осылай деп жазылған.

Биыл Шымкентте қызғалдақтың 1 миллион 300 мың түбі егіледі. Шымкенттің символы болып табылатын қызғалдақтың басым көпшілігі голландық сұрыптағы сары, қызыл, көк қызғылт және күлгін түсті.

Қызғалдақ гүлдерінің гүлдеу маусымы аяқталғаннан кейін, олардың орнына жаздық гүлдер егіледі. Биыл олардың саны екі есеге артпақ. Яғни, 2 миллионға жуық жаздық гүл көшеті отырғызылады.

Бұдан бөлек, көктем және күз маусымында 25 мың данадан астам көпжылдық раушан гүл көшеті мен 90 мың дана лигуструм бұтақшасы, 30 мың дана қылқан және жай жапырақты ағаш көшеттерін қондырылмақ. Гүлдер сәулетшілер мен суретшілердің бірлесіп сызған эскизіне сай ерекше етіп егіледі.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*