Волонтерлік жұмыс еңбек өтілі болып есептелінеді

Еңбегімен ерекшеленген еріктілер мемлекеттік наградаларға ұсынылады.  Бұл туралы Нұр-Сұлтандағы «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Президент осы ретте ұлы Абайдың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген ұлағатын естен шығармау керектігін айтып өтті. «Сондықтан біз волонтерлікті кеңінен дәріптеуіміз керек. Береке-бірлігімізді арттыратын шараларға тұтас ұлт болып, атсалысуымыз қажет. Отанға деген махаббат – құр ұран мен бос декларация емес, бұл –халық үшін атқарылатын күн сайынғы еңбегіміз. Бұл – жанның жай-күйі, ауқымды білім мен өзін ұстаудың үлгілі мәдениеті. Мен сіздерді осы үшін қатты құрметтеймін», — деді ол.

Сондай-ақ, волонтерлердің фронт-кеңсесі барлық өңірде ашылады. Фронт-кеңсе бүкіл Қазақстанның волонтерлері үшін кеңес беру, әдістемелік, оқыту және ақпараттық орталыққа айналатын болады. Сондай-ақ, ол волонтерлік жобалар мен оқыту бағдарламаларын үйлестіру, мониторинг жасау, волонтерлікті ілгерілету бойынша бірыңғай ақпараттық саясатты жүргізеді және бірыңғай Call-орталықтың жұмысын ұйымдастырады.

Айта кетейік, елордадағы «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына Шымкент шахарының еріктілері де қатысып, Президентпен тікелей жүздесуге мүмкіндік алды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*