Оқушылар сарайында ойшыл ғұлама, аудармашы ақын, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғасы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Даланың дара данышпаны» атты байқау ұйымдастырылды.
Қала мектептерінің оқушылары арасында өткен жарыс мақсаты — ұлы ақынның мол мұрасын жаңғырта отырып, өшпес ғибратының өміршеңдігін насихаттау, жас таланттарды анықтап, шығармашылық қолдау көрсету, көркем-эстетикалық таным-талғамын арттырып, сөз өнерінің құдіретін ұғындыру еді.
Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар Абайдың қара сөзі мен өлеңдерін мәнерлеп оқу, әндерін орындау, шығармаларын сахналық көрініс арқылы көрсетті. «Желсіз түнде жарық ай» әні нақышына келтіріліп орындалды. Ал Оқушылар сарайының «Шабыт» театр үйірмешілері «Татьянаның қырдағы әні» қойылымын шебер сахналап шықты. Жас өнерпаздар байқауға жоғары деңгейде дайындалып, дара тұлғаның даналық әлемінен терең сусындады.
Соңында ақын шығармалары желісінде бейнелеу өнерінен байқау өтті.
Көрермен қауым Абай толғамдарының тұңғиығына терең шомып, тағылымымен рухтанды. Жас өскіннің сөз өнеріне деген қызығушылығы мен құрметі көңіл қуантты. Нәтижесінде Саттар Ерубаев атындағы N24 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Сейтеков Рақымжан І-орынды иеленді.