Шымкентте үш жылда 42 мектеп салынады. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2019 жылы атқарған жұмыстардың қорытындысы бойынша тұрғындарға берген есепті кездесуінде мәлімдеді.
«Өткен жылы Шымкентте 401 оқушы «Алтын белгі», 360 оқушы «Үздік аттестат» алды. Республикалық және Халықаралық ғылыми байқауларда 34 оқушы жеңімпаз атанды. Өткен 3 жылда бюджет есебінен 12 600 орындық 19 мектеп салынды. 535 орындық 2 бала бақша бой көтерді. Мемлекеттік тапсырыс арқылы 10 мың орындық 19 жеке меншік мектеп ашылды. Бала бақшамен қамту 99 процентке жетті. Қалада жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді. Бұл жаңа мектеп салуға инвесторларды тартуға мүмкіндік берді. Алдағы үш жылда 42 мектеп салынады. 25 мектеп пен 8 бала бақшаны күрделі жөндеуден өтеді,-деді Мұрат Әйтенов.
Биыл 5 700 орындық 7 мектеп салынады. Сонымен бірге, мектептерге 9 000 дана компьютер, 18 000 дана парта, 134 мектепке бейне камералар орнатылады. Кәсіптік білім беру саласында еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауға көңіл бөлу қажет. Осы мақсатта «Химфарм» зауытында цифрлық инженерлік білім беру орталығы ашылды. Бұл жерде техникалық колледждер мен университет студенттері тәжірибе алады.
Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында 2 жатақхана Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне берілді. Оның бірі 350 орындық, екіншісі 200 орындық. Биыл СПК «Шымкент» арқылы 2 500 орындық жатақхана салу жоспарлануда (аумағы 2,5 га).