«Біз алдымызға тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және экономика мен бизнеске қолайлы жағдай жасау арқылы Түркістан облысын дамыту бойынша міндет қойып отырмыз», деген Өмірзақ Шөкеев 2019 жылдың қорытындысы бойынша халық алдында есеп беру кездесуін бастады. Қорытынды жиынға 700-ге жуық облыс тұрғындары келді. Кездесу барысында өткен жылғы жетістіктер мен 2020 жылы алға қойылған айқын жоспарлары баяндалуда.
«Түркістан облысы қайта құрылғалы бері аймақтың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасты. 2019 жылы облыс бюджеті 561 млрд.теңгеден, жыл соңына дейін 778 млрд.теңгеге жетіп, 217 млрд. теңгеге немесе 38%-ға өсті. Бірқатар салалар бойынша республикада көшбасшылар қатарынан көріндік. Жалпы, 2019 жыл – өңір үшін жетістікке толы жыл болды», деген өңір басшысы дамудың түрлі салалары бойынша көрсеткіштерге тоқталуда.
Атап өтейік, Түркістан облысы әкімінің халыққа есеп беру кездесуі Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайты және Фейсбук (Facebook) парақшасы арқылы онлайн режимде көрсетілуде.
Кездесу өткізіліп отырған ғимараттың бірінші қабатында арнайы жәшіктер қойылған. Бұл тікелей сұрақ қою мүмкіндігі болмаған тұрғындардың өтініш, шағымдарын салуға қолайлы. Бұдан бөлек, салалық басқарма басшылары да халықты қабылдауда.
Жалпы, бүгінгі күнге дейін Түркістан облысына қарасты аудан-қала әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жаңа форматта өткізілген болатын.
Естеріңізде болса, облыс басшысы аудан әкімдерінің есеп беру жиынына арнайы қатысып, аудан тұрғындарын алаңдатып отырған өзекті мәселелерді шешу жолдарын бірге талқылаған еді.
Мұндағы мақсат — билік пен қоғам арасында тұрақты диалогты орнату, өтініштерді сапалы қарап, мүмкіндігінше шешімін табу. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, тиісті көмек беру.
Жыл қорытындысымен тұрғындар тарапынан облыс әкімдігіне жер, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және т.б. салаларына қатысты жалпы 4 134 өтініш келіп түскен. Аталған мәселерді шешу үшін тиісті басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тапсырма берілді.
Бұдан бөлек, облыс әкімі және орынбасарлары 809 азаматты жеке қабылдап, мәселелерін шешуге атсалысты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі