Шымкентте әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту-басты назарда. Өткен 3 жылда Шымкентте табысы төмен 70 мың отбасы 32 млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек алды. Елбасы тапсырмасы бойынша атаулы әлеуметтік көмек мөлшері өзгерді. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халық алдындағы есебінде мәлімдеді.
Осының есебінен қалада көмек алушылар саны 5 есе өсіп, 59 284 отбасыға 28,9 млрд теңге төленді (2018 ж – 11 260 отбасы).
Қарт кісілер үшін «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Ол жерде зейнеткерлер спортпен шұғылдана алады. Кітапхана, кинозал, емдеу бөлмелері де бар.
Экономика салаларында 71 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 3 жыл ішінде 5,3 пайыздан 5,1 пайызға төмендеді.
Сонымен қатар, 4 аудан аумағында ардагерлерді бейімдеу орталығының филиалдары ашылады. 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығы салынады.
Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың форматы өзгерді. Табысы төмен отбасыдағы 18 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі.
Алдағы 3 жылда мемлекеттік қолдау шаралары аясында 80 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда (оның 50 мыңнан астамы тұрақты). Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайыздан 4,9 пайызға төмендету көзделуде.