Бүгін Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде Илья Ильиннің студент жастармен кездесуі өтті. Илья еріктілер жылы аясында жастарды спортқа, тазалыққа, еңбексүйгіштіке шақырып, спорттағы жаңалықтарымен бөлісті.
Кездесуде Илья Ильинге ОҚМУ-дың «Құрметті профессоры» атағы берілді.
– Жақын уақытта спорттағы мансабымды аяқтаймын деп жоспарлап отырмын. Алдағы уақытта өзімді спорт менеджері ретінде сынап көрсем деймін. Адам бұл өмірде бәріне дайын болу керек. Үйренуден жалықпаңыздар. Иә, қиын жағдайларды бастан кештік. Осындай сәтте қолдау көрсеткен өз жанкүйерлеріме, халқыма ризашылығымды айтамын, – деді Ильин.
Айта кетейік, зілтемірші жақында ғана допинг дауынан кейін алғаш рет чемпион атанды. Ташкентте өткен халықаралық бірлік чемпионатында 102 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ильин қоссайыс нәтижесі бойынша 355 келіні (160+195) бағындырып, жеңіске жеткен болатын.