«Қорқыт» этно ансамблі рекордтар кітабына енді

Елорда да Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» этно ансамблі Алтын Орда хандығының 750 жылдығы аясында 75 шығарма орындап, Гиннесс рекордтар кітабына енді.

Аталған тарихи сәтте экс-министр, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы құттықтау хатын жолдады.
— «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» этно ансамблін және оның көркемдік жетекшісі, мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбекті елімізде тұңғыш рет 75 шығарма орындап, Қазақстанның Гиннесс рекордтар кітабына енуімен құттықтаймын.
Рекордтар кітабына ену кез-келгеннің қолынан келмес дүние. Өйткені, «Қорқыт» этно ансамблі 20 күнде осы шараға тыңғылықты дайындалып, күй шығарып, барлық қазақтың аспабында оны шебер ойнай білді.
Қазақстан бойынша орнатқан рекордтарыңыз құтты болсын дей келе, шығармашылық ұжымға табыс, жаңа белестерді бағындырып, жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз!
Жеңіс құтты болсын!», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.


Аталған өнер ұжымы қазақ және шетел авторларының 75 музыкалық шығармасын нотаға қарамай, еш бөгеліссіз орындап шықты.

Күй кешінде өнерпаздар домбыра, сырнай, қобыз, қылқобыз, нарқобыз, тағы да басқа қазақтың ұлттық аспаптарында ойнаса, күйшілер Қазақстанда алғаш рет non-stop режімінде музыкалық шығармаларды паш етті.

Қорқыт, Сүгір, Қазанғап, Құрманғазы, Нұрғиса Тілендиев, Әбдімомын Желдібаев сынды түрлі қазақ және шетел авторларының шығармалары ұсынылған кеш Бауыржан Ақтаевтың «Ғасырлар үні» туындысымен қорытындыланды.


Тарихи жылда 75 тарихи туындымен өз қолтаңбаларын қалдырған «Қорқыт» этно ансамбліне Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов арнайы сертификат табыстады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*