Шымкентте Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауқымды жобалар жүзеге асады.
Бұл туралы ақпараттық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы бойынша ‘Рухани жаңғыру» бөлімінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева мәлімдеді.
Атап айтсақ, Шымкентте Наурыз мерекесінде ТМД елдерінің мәдени астанасы жылының ашылу салтанаты өтеді. Этноауыл ашылып, қоғамдық және мәдени демалыс орындарында қазақтың халық әндері мен күйлері орындалады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылатын іс-шаралар аясында қаламыздағы тарихи орындардың инфрақұрылымы жаңартылады. Келушілер барлық орынға саяхат жасай алады. Мұнан бөлек, Әл Фарабидің 1150, Абайдың 175 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтіледі.
— Шымкентте өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 742-ге жуық түрлі іс-шара ұйымдастырылды, — деді спикер.
«Туған жер» жобасы бойынша 5-7 сынып оқушыларына арналған «Өлкетану», «Өлкетану хрестоматиясы» кітаптары жарық көрді. Латын графикасына көшу бойынша арнайы желілік кесте әзірленді.
«Кітап оқып, рухани бай бол» байқауы, республикалық «Тұлпар мініп, ту алған» батырлар жырын жатқа айтуға арналған байқауы ауқымды деңгейде өткізілді.