ЦИТАДЕЛЬ ҚАЛАНЫҢ НЕГІЗГІ ТУРИСТІК НЫСАНДАРЫНЫҢ БІРІ БОЛАДЫ. Бұл жайында Шымкент қаласының әкімі Мұрат ӘЙТЕНОВ республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтты.
– Шымкент қаласы Қазақстанның көне қалаларының бірі екені ресми нақтыланып, қаланың 2200 жылдық тарихы бекітілді. ЮНЕСКО бұл датаны биыл өтетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізді. Мұндай шешім былтыр Франция астанасында өткен ЮНЕСКО-ның 40-шы Бас конференциясында қабылданды.
Әрине «Ескі қалашықта» шаһардың өткенін айқындап, терең тарихына бойлайтын тарихи жәдігерлер аз емес. Қазір онда құрылыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Бүгінде ол жер қызу құрылыс алаңына айналған. Сөз жоқ, ғасырлар тоғысқан Цитадель қаланың негізгі туристік нысандарының бірі болмақ. Онда амфитеатр, ежелгі мұражай мен галереялар бой көтеріп, қаланың көркіне айналады.
Жоспар бойынша Ескі қала бекінісін қалпына келтіру жұмыстары осы жылы аяқталады. Цитадельдің маңайындағы ескі үйлерге келсек, оларды дәл қазір бұзып тастаймыз деп айта алмаймын. Қаланың бас жоспары бойынша әлі де өзгерістер болады, содан соң жаңа тұрғын үйлер салу жайын талқыламақ ниеттеміз.