ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУҒА ТАПСЫРМА БЕРДІ

Премьер-министр Асқар Мамин су тасқынының алдын алу бойынша министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар нақты тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Болжам бойынша республиканың орталық, солтүстік және шығыс аймақтарында қар өте көп көлемде еритіні күтілуде. Сондықтан бірінші барлық әкімдер бүгінгі күннен бастап жағдайды күнделікті жеке бақылауға алсын. Елдімекендерді, оның ішінде ауылдарды қардан тазарту үшін барлық қажетті құрал мен техниканы жұмылдыру қажет. Өзендер мен су арналарын, нөсер дәліздерін тазалауды, уақытша топырақ үйінділері мен бөгеттерді салуды қамтамасыз ету керек. Ішкі істер және Экология министрлігі тиісті қызметтер мен бақылауды қамтамасыз етуді ұйымдастырсын», — деп тапсырды Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы сонымен қатар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне республикалық маңызы бар автожолдар мен теміржолдарды судың басуына жол бермеу үшін тәулік бойы бақылау ұйымдастыруды тапсырды.

«Тасқын судың тиісті мөлшерін құбырлар арқылы өтуін қамтамасыз етсін. Үшіншіден Экология министрлігі болжамдарды ескеріп, су қоймаларының толығымен қауіпсіз деңгейін анықтасын. Қажет болған жағдайда су қоймаларын алдын ала босату шараларын қабылдасын. Төртіншіден ІІМ әкімдермен бірлесіп тиісті штабтарды құрып, ықтимал мүмкін төтенше жағдайға барлық күштер мен құралдарды дайын болуын қамтамасыз етсін. Жалпы жағдайда жедел шара қолданып, нақты үйлестіру жұмысын жүргізу қажет», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы бұл мәселені бақылауды өзінің орынбасары Роман Склярға тапсырды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*