Шымкент қаласында биыл маңызды мәдени іс-шаралар көп. Бұл туралы Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид Мыңбаев баспасөз брифингінде мәлімдеді.
«Шымкент – Достастықтың 2020 жылғы мәдени астанасы» іс-шарасының салтанатты ашылу рәсімі 20 наурыз күні Қажымұқан атындағы орталық стадионда өткізіледі. Салтанатты іс-шараның концерттік бағдарламасына 800-ге жуық Шымкент қаласының өнерпаздары мен Алматы, Астана қалалары мен ТМД елдерінен 300-ден астам өнерпаз қатыспақ. Ашылу салтанатын 16 мыңнан астам қала тұрғындары мен сыйлы қонақтар тамашалай алады», — деді Рашид Мыңбаев.
Биыл ТМД елдерінің мәдени астанасы мерекесімен қатар қалада бірнеше маңызды мерейтойдың өтуі жоспарланған. Олардың қатарында Әбу Насыр Әл-Фарабидің — 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының — 175 жылдығы, Алтын Орданың — 750, Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойлары мен Шымкент қаласының 2200 жылдығына арналған форумдар, ғылыми-практикалық конференциялар, форумдар және тағы басқа іс-шаралар бар.
Ал 19 маусым — қала күніне орай Шымкент қаласының 2200 жылдық мерейтойы ресми аталып, ашық аспан астындағы мұражайдың салтанатты ашылу рәсімі өтпек.
Сондай-ақ жыл бойы Шымкент қаласына гастрөлдік іссапармен Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты 27 еліміздің жетекші театрлары мен филармония ұжымдары келеді деп жоспарланған.
Рашид Мамытұлы алдағы жауапты мерекелер қарсаңында ауызбіршілік танытып, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, туған қаламыздың мерейін биіктетуге шақырды.