Көктемнің бір белгісі – сенбілік.
Шымкентте қала әкімінің бастамасымен жалпыхалықтық сенбілік өтті. Тазалық шарасына Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарының тұрғындары, мемлекеттік қызметкерлер, ЖОО-ның студенттері және еріктілер қатысты. Мемлекеттік қызметкерлер мен еріктілер, сондай-ақ қала тұрғындарынан тұратын бірнеше топ қала көшелерін абаттандыру мақсатында ағаш отырғызып, қоғамдық жұмыста белсенділік танытты.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:
– Қай кезде болмасын ең бірінші өз ортаңа тазалықпен қарау – адамдықтың басты қасиеті. Осы орайда жалпықалалық сенбілік өткіздік. Сенбілікте барша шымкенттіктер белсенділіктерін көрсетті. Жалпы Отанымызға, қаламызға деген сүйіспеншілігі мол тұрғындар өз қолдарымен гүл түптерін қопсытып, қағаз-қалдықтарды тазалап, қызу түрде жұмыстар атқарса, қаламыздың шырайына шырай қосады. Сол себепті, құрметті қайырымды қала тұрғындары, әрқайсысымыз өз ортамызды шынайы сүйіп, ұқыппен қарауға шақырамын! Мәдениет осыдан басталады.
«Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» халықаралық статусын иемденген қаламызды көріктендіру барысында Назарбаев даңғылы мен Арғынбеков, Жангелдин көшелеріне, №1 автожолдың оң және сол жақ беттеріне 1 мың данадан, сондай-ақ Қошқар ата өзені мен Дендросаябаққа 500 данадан, жалпы саны 6000 данадан астам ағаш көшеті отырғызылды.
Шымкенттің 50 мыңнан аса тұрғыны қатысқан сенбілікке 40 дана техника жұмылдырылды.