Самарқанның көк тасы еритін, Ұлыстың ұлы күні – Күн мен Түннің теңелетін наурыз айындағы бүкіл түркі жұртының ортақ мейрамы – Жыл басы, Жаңа жылымыз, ұлттық мерекеміз – Амал немесе Көрісу мерекесін жалпыұлттық және жалпықазақтық мейрам ретінде жаппай атап өтудің уақыты жеткендей!
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мән-маңызы қай кезде де құнын жоғалтпайтын мынадай сөздер бар: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай… Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды».
Ұлттық код деген не? Меніңше, бұл – халықтың жады. Жақсы мен жаманды таразы басына тартатын, ұлт үшін еңбек еткендерді ескеретін, ел үшін ерлікке барғандарды өмірбақи ескірмейтін ЗЕРДЕ кітабына жазып қоятын да сол жады. Осы тұрғыдан алсақ, ұлттық сана аясында «сүрлеп қоюға» болмайтын дүниелер баршылық. Қазақтың ұлттық дүниетанымы төл табиғатпен етене байланысты…
Ел тәуелсіздігімен бірге Наурызды тойлаудың да өзіндік дәстүрі қалыптасты.
Жаңару, ынтымақтастық пен жылулықтың мерекесі атанған Наурызды еліміздің батыс аймағы Амал – Көрісу күні ретінде атап өтеді. Көктеммен бірге көңілдің сызын кетіру деген де бір ғажап құбылыс. Ренжіскен ағайын табысып, барлық жамандық атаулы ұмытылатын, ел-жұрт болып жақсылыққа қарай мерейлене бет бұратын бұл күннің шапағаты мол.
Шығыс елдерінің шәмси күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал – амал айының 1 жұлдызы болып есептеледі. «Хамал» – Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. Сондықтан біздің қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген.
Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. «Көрісудің» екінші атауы «Амал» болуының сыры осында жатса керек. Ал «Көрісу» деп аталып кетуі осы «Амал» мерекесінде жасалатын басты салт – көптен көрмеген бір-біріне жақын адамдардың кездесіп, көрісуі, өкпе-ренішке бай