БАЛАНЫ ҚЫРҚЫНАН ШЫҒАРУ ДӘСТҮРІ

Қазақ халқы баланың дүниеге келгенінен бастап, қартайған шағына дейін салт-дәстүр бойынша тойлап келген. Шілдехана, бесік той, Тұсау кесер, сүндет той, Ай, шіркін ай. Құда түсіп, сырға салу, Беташарым-ай! — деген ән осыған айтылса керек. Осындай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан игі дәстүрлердің бірі — баланы қырқынан шығару.

Жалпы қазақ халқының әр дәстүрінің артында терең мағына мен қандай да бр сыр жатыр. Қазақ жаңа туған нәрестені «бөтен көзге» (жақын туыс-туғандарынан басқа) қырқынан шықпағанға дейін көрсетпеген. Ал бұл туралы медицина ғалымдары зерттей келе мынадай қорытындыға келген: Жаңа туған нәрестеге қоршаған орта жаңа орта болып есептеледі. Ауа, оны қоршаған заттар мен жан-жағындағы адамдар. 9 ай 9 күннен кейін ананың жатырынан шыққан сәбиге түрлі микробтар жұға бастайды. Әдетте, адам саны қанша көп болса, вирус саны да солай өсе береді. Бұл бүлдіршіннің ағзасының өмірге келмей жатып әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан да медицинада бала 40-нан шықпай жатып бөтен көзге көрсетпеу дәстүрін түгелдей қолдайды. Сонымен бірге баланың даму кезеңдеріне сөз жүгіртсек, дәл осы 40 күннен кейін сәби ширап, көз тоқтатады, құбылыс, дыбысты сезе бастайды екен. Бұны ежелден білген халқымыз осы ең қауіпті деген алғашқы 40 күннен сәби өткен соң той жасайды екен. Бұл рәсімді Баланы қырқынан шығару деп атайды.


«Қырық күннің қасиетін қазақ атам ерте заманнан білді. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 42 күнді айтады. Бұл бала үшін де, ана үшін де қауіпті. Қазақ осыны қайдан білді? Неге келінді 40 күн суық суға қолын салғызбай, шаруаға салмай күтті? Келінді тұңғышынан соң қатты күтеді. Ал, бала 40 күнге дейін әлі жердің баласы емес. 40 күннің ішінде баланы сүйгізбейді, қолға алып жүргізбейді. 40 күндік баланың көзі көрінбейді, ал қырқынан қалай шығады, көзі жылтырап қалады. Не үшін қырқынан шығарады? 40 күннен соң ет пен сүйек бірігеді, ал оған дейін ұстап көрсең баланың буын еті былқылдап жатады. Адам қайтыс болғанда қырқын береді. Онда ет пен сүйек ажырайды. Біз соның құрметіне береміз. Мысалы, арабтарда жетісін беру, қырқын беру, жылын беру деген жоқ. Бұл тек түркі халықтарында бар. Қайтқан адамның рухы жеті күнге дейін үйінің айналасында жүреді екен. Жетісін бергесін барып, көңілі толып кетеді екен. Ал, қырық күнде ет пен сүйек ажырайды. Жылында сүйек тазарады, біз құдайыны соған береміз»,-дейді Зейнеп Ахметова.

Бала қырқынан шыққаннан кейін ғана ол өмірге қадам басады. «Сүт тырнағын», «қарын шашын» осы уақытта алады. Баланы шомылдырып болған соң, «қарын шашын» алып, ақ шүберекке түйіп, тұмарша етіп, баланың оң жақ иығына немесе бесігіне қадап қояды, ал «сүт тырнағын» адам баспайтын жерге немесе «ұрпағы көп болсын» деп жеміс ағашының түбіне көміп тастайды. Баланы қырқынан шығарарда шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс жүзік, күміс білезік сияқты заттар салып, 40 қасық таза су құяды. Себебі, күміс шайтаннан, жыннан сақтайды деген сенім бар. Сондай-ақ, қырық шелпек пісіріп, келген қауымға таратады. Әдетте, ер баланы ерте жетіледі, жылдам өседі деген түсінікпен 40 күн толмай жатып қырқынан шығарған. Ал қыз бала, керісінше, жеңілтек болып кетпесін, байсалды, орнықты болсын деп анық қырық күн толғаннан кейін қырқынан шығару рәсімін орындаған. Тіпті, баланы шомылдыру дәрежесі кез келген әйелге емес, ел арасында сыйлы, көп балалы ана атанған, үлгі боларлықтай адамға бұйырған.


Баланың басына қасықтап су құйған сайын жиналғандардың әрқайсысы өз тарапынан тілектерін білдірген. Соңынан барлық әйел су түбіндегі күміс тиындар мен әшекейлерді өзара бөлісіп алысқан. Негізі, суға салынған әр заттың мағынасы бар. Баланы шомылдыратын суға күмісті ол адал, ақ, пәк болсын деп салады. 40 қасық суды ырыздығы мол болсын деп құяды делінген. Қырқынан шыққан бала адам қатарына қосылды, қауіпті кезеңнен өтті деп саналып, ел ішіне шыға бастаған.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*