Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «АБАЙ ДЕСЕМ» атты әдеби – музыкалық, театрландырылған қойылым өтті.
Қойылым барысында Абайдың «Сегіз аяқ», «Желсіз түнде жарық ай», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Татьянаның әні», «Айттым сәлем Қаламқас», «Қиыстырып мақтайсыз…» және т.б. әндері орындалып, Абай шығармашылығының толысқан, кемелденген шағындағы махаббаты мен философиялық ой-пікірлерінің қалыптасу тұсындағы өмір дерегі музыкалық қойылым ретінде көрсетілді.
Оқу орнының «Продюсер және театр қойылымдарының технологиясы» мамандығының І-ІV курсының 50 шақты студенті 4 актылы сахналық көрініске қатысты.
Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай өткізілген «Рухани жаңғыру» аясындағы бұл әдеби-музыкалы, театрландырылған қойылым көрерменге өзгеше ой тастады.
Көрермен тек Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығын ғана біліп қоймай, Абай заманындағы қазақ халқы өмірінің тарихы бастан кешкен қайғылы, қуанышты жағдаяттарынан хабардар болып, сол жағдайларға әдеби шығармалар, музыкалық орындау, сахнада образ арқылы бейімдеулерді көріп, шын мәніндегі халқымыздың бай ауыз әдебиеті, ән өнері, сахна өнеріне тәнті болып қайтты.