ШЫМКЕНТ: МҰРАТ ӘЙТЕНОВ БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН БАҚЫЛАУ МАҚСАТЫНДА «GRAMAD» САУДА ОРТАЛЫҒЫНА БАРДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһардағы «Gramad» сауда үйіне ат басын бұрып, осындағы әлеуеметтік маңызды тауарлардың бағасымен танысты. Өйткені бүгінде қала әкімдігімен келісімге келіп, халыққа төмен бағада азық-түлік ұсынып жатқан қаламыздағы жалғыз сауда нүктесі осы «GraМad».

Келісім бойынша бұл бағалар бір жыл бойына сақталады. Әрине маусымдық сұраныстарға қарай баға кішкене құбылуы мүмкін. Мәселен, жазда, күзде көкөніс, бау-бақша өнімдері және басқа да ауыл шаруашылығы тауарларының құны қазіргіден арзан болатыны түсінікті.

— Баға тұрақтылығын бақылау мақсатында «GraMad» көтерме тарату орталығында болып, азық-түліктің бағаларын бақылап шықтым. Мұнда делдал қызметінсіз өндіруші өнімдері тікелей тұтынушыға ұсынылады. Кәсіпкерлер бағаның тұрақтылығын сақтау бойынша қолдау көрсететіндерін айтты. Жергілікті билік тарапынан кәсіпкерлерге тиісті көмек беріледі, — деді қала әкімі.

Мұрат Дүйсенбекұлы азық-түлік бағалары шарықтап кетуден ешқандай қауіп жоқ, себебі қорда халық тұтынатын негізгі әлеуметтік тауарлар жеткілікті екенін айтты. Осыдан бұрын тұрақтандыру қоры арқылы азық-түлікті әкімдік өзі қоймаларда сақтап келсе, енді бұл қызметті толықтай жеке сауда орындарының құзыретіне беріп отыр.

Ендігі жерде халықты арзан азық-түлікпен қамтамасыз етуді жеке компаниялар өз мойындарына алады. Сол үшін мемлекет оларға «Shymkent» ӘКК арқылы тиісті қаражатты бөліп береді.

Өз кезегінде әкім «Gramad» дүкеніндегі әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерін өндіруші әрі қоймасында сақтап, халыққа саудалап жатқан «Барыс 2007», «Meir-Trade Distribution Company» серіктестіктерінің кәсіпорын, қоймаларында болып, жұмыстарын көріп қайтты.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*