ҚОНАҚ КЕЛСЕ-ҚҰТ КЕЛЕДІ

Шымкенттегі Салт-дәстүр орталығы мен «Рухани жаңғыру» бөлімінің қызметкерлері Наурыздың алғашқы күні «Көрісу күнін» атап өтті.
Сәлем-сауқатын сұрасқан топ Әз-Наурыз айының алғашқы мерекесі — көрісу күнін атап өту үшін жиналды. Алдымен меймандар үйге еніп, жағдай сұрасты. Әдебін сақтап, бір-бірімен құшақ жая қауышты.

Көрісу мерекесі — қазақтың үлкен мән-маңызға ие дәстүрі. Көпшілік мұны қауышу күні деп те атайды. Бұл күні жамағат таңертең ерте тұрып, жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-қолаң жылы шырай танытып, құшақ жайып амандасады, Тіпті, бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғүмырың ұзақ болғай!» деп ақ тілектерін жаудырады. Дәстүр бойынша ренжіскен адамдар кешірім сұрасып, бұрынғы араздық ұмытылуы тиіс.

Салт-дәстүр орталығы қызметкерлерінің айтуынша, бүгінгі жас толқын айтулы мерекені тойлаумен шектелмеуі керек. Сәлемдесудің де өзіндік ережелері бар. Жасы кішінің – үлкенге, жекенің – жалпыға, аттылының –жаяуға, басшылардың – бұқараға бұрын сәлем беруі – міндет .


Қонақ келсе- құт келеді демекші, бұл күні орталыққа қонаққа ат терлетіп Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазиева келді.
Қонаққа ақ дастархан жайылып, тәтті бауырсақ ұсынылды. Салт-жоралғыны насихаттау, міне, осылай басталды. Мерекелік ән-күй де осы ғұрыптың аясында орындалды. Халықаралық, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы Нұрлан Есенқұлов қазақтың қара домбырасын қолға алып, көрісу күнін жырларына арқау етті. Жаңа жылдан жақсылық тілеп, ниеттенген көпшілік өнерпаздарға қолдау көрсетіп отырды. Ал келген қонақ жиналған қауымға Көрісу күнінің мән — мағынасын жете түсіндіріп, ақ батасын берді.
Айта кетейік, Шым қалада да наурыз айының әрбір күні белгіленіп, ондағы орындалатын дәстүр -жоралғы кеңінен дәріптелетін болады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*