Сәуір айындағы амалдар

Сәуір айы. Бұл – көктемнің нағыз күшіне енген шағы. Осы орайда оқырман қауымға сәуірде болатын табиғат құбылыстарына байланысты сөздердің мағынасын тарқатсақ.

СӘУІР//КӨКЕК – жазғытұрым кезіне сай келетін төртінші айдың арабша аты, көкек. Сәуір сөзі араб тілінде «өгіз» деген мағынаны білдіріп, жұлдыз айлары бойынша «Торпақ шоқжұлдызының» атауы болып табылады.
Бұл айдың ертеден келе жатқан қазақша аты – көкек. Айдың «көкек» деп аталу себебі көктемнің бір белгісі көкек құсының алғаш шақыра бастайтын мезгілімен байланысты қаралады. Бұл айдың өзгешелігі – құс үнінің ерекше байқалуы.
Көктем айының бұл нағыз толысқан уақыты. Барша табиғат жаңарып, айнала қызу тіршілікке бөленеді: мал төлдеп, малды ауылда мәре-сәре кеңи бастайды. Ал кейбір аймақта қардың көбесі жаңа ғана сөгіліп, ызғарлы суық та байқалып қалатын уақыттары болады. Осыған байланысты қазақ малшылары: «Көктем мезгілінің үш айы қазақтар «Наурыз – суымен, Көкек – нуымен, Мамыр – гүлі нулы да сулы ай екенін атап көрсетеді».

Бесқонақ – көктемнің жуан ортасында өтетін бес-жеті күндік жауын-шашынды салқын кез, амал. Бұл – әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Жұрт осы «бесқонақтан» қатты сақтанып, күтініп отыратын болған. Кей жерлерде сәуір айындағы бесқонақ амалы өтпей, қазіргі малшы-шопандардың өздерін де күн райы қанша тамылжып тұрса да, жайлауға көшпеген. Өйткені бесқонақ амалы кезінде ең болмағанда үш-бес күндік суық, қар аралас жаңбыр болмай қалмайды.

Қызыр қамшысы – сәуір айының орта кезінен асқан шақта болатын табиғи амал. Бұл кезде алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сәттегі найзағайдың жарқылын халық: «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді.

Тобылғы жарған – сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел. Бұл «тобылғы бүршік жарған», яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.

Отамалы – қазақтың байырғы күнтізбесі бойынша ауа райының жайсыз, жауынды-шашынды болатын көктемнің ең жайсыз кезеңі . Бұл айда шөп өсіп, жер отаяды. Малдың аузы көкке толады. «Отамалы» атауын терең танытуда М.Әуезовтің түсіндіруі жақын келетін секілді. Мысалы: «Отамалы көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың соңғы зәрі сонда. «Отамалы» деп атағаны бір байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол бақыр күн қайырады екен-ау. Көкектің суығы басталған уақытта, әлгі қойды жайылысқа шығармайық, боран болады… десе, бай Отамалыны сабап-сабап, қойды жайылысқа шығартады. Сол күні бір қатты боран басталып, үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып кетіп, қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы бақыр да үсіп өліпті. Көкектің суығын «отамалы» атағаны содан дейді».

Сәуір амалы қазақ есепшілерінің есебі бойынша, осы айдың 20-ларына кіреді. Сәуір туғанда алғаш рет күн күркірейді, бөлек-бөлек «жаз бұлты» шығады. Қариялар сәуір амалы кіргенде жаз бұлттарын бақылайды. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуірдің бұлты қалып қойғаны. Онда сәуір амалы ұзаққа созылып, 40 күнге жалғасады. Жаңбыр нөсерлеп жауып, соңы қарға ұласады. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген мақал осыдан қалған болса керек.
Сәуір амалы кезіндегі әдет-ғұрып: сәуір амалы өтпей, сәурік (үйірге енді қосылған 3-4 жасар айғыр) пішуге болмайды. Аяқ-астынан ауа райы бұзылып, қарлы боран болуы мүмкін. Осы жөнінде бір аңыз былай дейді: бір бай отамалы өткен соң, жаз шықты деп ойлап, қырық сәурігін түгел піштіріп тастайды. Соның артынан қарлы боран болып, қырық пішпе түгел қырылыпты. Ел ішінде осы амалды «қырық сәурік» деп те атаса керек. Күндер өте келе «сәуір» аталып кеткен деген пікір бар.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*