ШЫМКЕНТ: 42 500 ТЕҢГЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘРДЕМАҚЫ АЛУДЫҢ ТӘРТІБІ

Төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде, 42 500 теңге жәрдемақы төлеудің тәртібі барынша жеңілдетілді.
Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты 42 500 теңге жәрдемақы алатын азаматтардың тізімі кеңейтілетінін мәлімдегені белгілі. Осыған орай аталған жәрдемақыны төлеудің тәртібі барынша жеңілдетілді, — деді Мақсұт Пернебайұлы.


М.Исаховтың айтуынша, ендігі жерде жәрдемақыға өтініш беру үшін электронды цифрлық қолтаңбаның болуы міндетті емес.
Алдымен, ЭЦҚ арқылы немесе көрсетілген нөмірге СМС хабарлама жіберу арқылы бір реттік парольмен электронды үкімет порталында тіркелу керек. Оң жақ бұрышта аты-жөніңіз шығады, соған басып, «Электронды өтініштер» сервисін таңдау керек. «Мемлекеттік қызметтің атауы» деген бағаннан «Төтенше жағдай кезеңінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына әлеуметтік төлем тағайындау» дейтін қатарды таңдайсыз. Өз облысыңызды немесе республикалық маңыздағы қаланы таңдау қажет. «Алушы» деген жолға өз қалаңыз бойынша «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын» көрсету, «Мазмұны» деген жерге «Төтенше жағдай кезеңінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына әлеуметтік төлем тағайындау» деп көрсету керек.

Бұдан соң аты-жөніңізді, мекен-жайыңыз, ЖСН, телефон нөмірі және екінші деңгейлі банктегі есепшот нөмірін көрсетіп, еркін формада өтініш толтырасыз. Өтініште қай жерде, қандай жұмыс істегеніңізді, қай уақыттан бастап табыстан айырылғаныңызды көрсетсеңіз жеткілікті.

Жәрдемақы ресми тіркелмеген жұмысшыларға (такси жүргізушілері, саудагерлер, арба айдайтын азаматтар, жүк тасушылар, шаштараздар, даяшылар және т.б. ) да төленеді. Бір ғана талап — ресми тіркелмей жұмыс істеген азаматтар соңғы 11 айда ең кемінде БІР РЕТ БІРЫҢҒАЙ ЖИЫНТЫҚ ТӨЛЕМ төлеген болуы шарт. Оның көлемі: қалаларда – 1 АЕК (2 650 теңге), ауылды жерде – 0,5 АЕК (1 325 теңге).

Егер бұған дейін бірыңғай жиынтық төлем жасамаған болсаңыз енді төлеу арқылы да жәрдемақыға қол жеткізуге болады. Бұл төлемді кез келген екінші деңгейлі банктің мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады.
Мұндай мүмкіндігі жоқ азаматтар қарапайым ұялы телефон арқылы да бірыңғай жиынтық төлем төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін 5505 қысқа нөміріне латын графикасындағы бас әріптермен «GOROD ESP + ЖСН нөмір» (ауылда тұрсаңыз «SELO ESP + ЖСН НӨМІРІ») деген хабарлама жібересіз. СМС хабарлама жіберу үшін ұялы телефон нөміріңіздің теңгерімінде жеткілікті қаражат болуы тиіс.

Әлеуметтік сақтандыру қоры өтініш берілген уақыттан бастап 1 жұмыс күнінің ішінде шешім қабылдайды. Жәрдемақы 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей алушының есепшотына түседі.

М.Исаховтың айтуынша, E-GOV порталына қосылуға мүмкіндік болмаса, Telegram мессенджері немесе www.enbek.kz сайты арқылы да өтініш жолдауға мүмкіндік бар.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*