Шымкент қаласы тұрғындарының өмірін және денсаулығын қорғау, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында, шаһардағы қоғамдық көліктерге күніне екі рет дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде.
– Қала әкімі М.Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес, бюджеттен қаржы қаралып, қоғамдық көліктер күнделікті дезинфекциялануда. Шымкент қаласындағы дезинфекциялау жұмыстары бағыттардың жұмысы аяқталған соң, кешкі уақытта автобаза аумағында және күндізгі уақытта бағыттың соңғы аялдамаларында тұрақты атқарылуда, — дейді Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Н. Сүгірәлиев.
Сонымен қатар, маршруттардағы кондукторларда әр рейс аяқталған соң, автобус және шағын автобустардың салондарын жуу жұмыстары жүргізілуде.
Алдын Шымкент қаласындағы ірі сауда орындарының іргелес жатқан аумақтарында дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатқаны жайлы жазған болатынбыз.
Кезекті дезинфекциялау жұмыстары үшінші мегаполистегі Тәукехан даңғылы, «Магнум» сауда маркетінде жүргізілді. Оған 35748 әскери бөлімнің 30 қызметкері және 1 АС машина жұмылдырылған.