ШЫМКЕНТТЕ 4 СӘУІРДЕН КАРАНТИН ЖАРИЯЛАНАДЫ

Шымкент қаласында қазіргі күнге коронавирус инфекциясын жұқтырған 11 адам тіркелген. Оның 8-і кеше анықталған. Барлығы қауіпті індет анықталған үшінші науқастың туыстары мен жақындары болып шыққан. 1-сәуірден бастап науқастардың барлығы оқшауланған. Азаматтарды қорғау және инфекцияның ары қарай таралуының алдын алу мақсатында аталған отбасы тұрған Тайманов көшесі мен оған жақын орналасқан Сәрсенбаев және Сүлейменов көшелерін карантинге жабылды. 7 блок-бекет қойылған.

Азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін, денсаулығын сақтау мақсатында және Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның келісімімен 2020 жылғы 4-сәуір сағат 21.00-ден 15- сәуір аралығындағы кезеңде Шымкент қаласы аумағында карантин жарияланады.

Карантин кезінде Шымкент қаласы бас санитарының қаулысында көрсетілген мекемелерден бөлек меншік нысанына қарамастан барлық мекемелердің жұмысы тоқтатылады. Қоғамдық демалыс орындары, сонымен қатар саябақтар мен балалар алаңшаларына баруға болмайды. Азаматтардың жүріп-тұруына шектеу қойылады. Мұндай шектеулер медицина, құқық қорғау органдарының өкілдеріне, қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуші коммуналдық мекеме қызметкерлеріне қолданылмайды. Қала тұрғындары толықтай шектеу кезінде үйлерінен азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық көмек, банк және пошта қызметтерін алу үшін ғана шыға алады. Карантин кезінде 55 жастан асқан тұрғындарға аса бір қажеттіліксіз көшеге шықпау ұсынылуда. Барлық қоғамдық тамақтану орындары жеткізіп беру режиміне көшеді. Азаматтардың қала аумағында жеке көлігімен жүруіне тыйым салынады. Жеке көлікпен үйінің жанында орналасқан азық-түлік пен бірінші кезектегі тауарлар, медициналық құралдар алуға және жедел жағдайларда медицина ұйымдарына көмек алуға баруға болады.
Қалалық әкімдік мегаполисте комменденттық сағаттың әзірше енгізілмегенін айтады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*