Қазақ халқында сонау заманнан сақталып келе жатқан үрдістің бірі- табақ тарту. Рәсімнің түрлері де өте көп. Кейбір деректерге сүйенсек, қонаққа тартатын табақтың саны 50-ге жетіп қалады. Олардың ең негізгілері: бас табақ, қос табақ, сый табақ, күйеу табағы, келін табағы, жастар табағы, жай табақ.
Табақ тартудың түрлеріне тоқталмас бұрын рәсім жайлы айтып өтсек.
Қазақта табақ тартудың айшықталған көрінісі орта ғасыр дәуірінде кең дамыған. Бірақ ХҮІІІ-ХІХ ғасырда орыс отарлауының салдарынан кеңестік дәуірде ішінара өзгерістерге ұшыраған. ХҮІІІ-ХІХ ғасырда табақ тартудың ең шарықтау кезеңі ас беру дәстүрінен анық байқалады.
Мәселен, 1803 жылы Сырым Датұлының асын бергенде 2500 қой, 200 жылқы сойылып, таратылған, 1000 саба қымыз пісіліп, 5000 шелек қымыз ішілген деген дерек бар.
Табақ алу рәсімі де қазірге дейін жеткен. Бұрын етті қонақ өз қалтасына салып жүрген бәкісімен тураған. Еркек пен әйел араласып отырмаған. Тек қымыз, шай құятын кезде ғана дастарханның аяқ жағына тізе бүккен. Ас соңында сол табақтан тамақ ішкен адамға сәлем еткен. Яғни, табақ алу рәсімі кеңінен тараған. Себебі келіндер қонақтармен дастархан басында бірге отырмағандықтан, келген қонаққа өзінің қолынан дайындалған астан ауыз тигеніне рахмет айту үшін сәлем салатын болған.
Сондай-ақ, жасы 70-80-ге келсе де өз үйіне келгенде кемпір қыз болып есептеледі. Күйеу бала да солай. Сондықтан төркіндеп келген қыз төрде отырады. Ал қыз отырған жерде табаққа құйымшақ салынады. Ал күйеу бала келгенде төсін алдына қойып, жеңгелері міндетті түрде төстің кәдесін алады.
Табақ тартушы жігіттер болған. Осы аса жауапты қызметті мінсіз атқару үшін табақ тартушы жігіттер алдын ала арнайы дайындықтан өтетін. Ол үшін табақ алып қашу немесе мүше алып қашу ойындары өткізілген. Шауып келе жатқан аттың үстінде қолына табақ толы ет көтеріп, оны төкпей-шашпай апаратын жеріне дұрыстап жеткізуді жетік меңгергендер ғана табақ тартуға таңдалып алынды. Келесі айдарларымызда табақтың түрлеріне жеке-жеке тоқталамыз.