Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері мерзімінен бұрын туған үшемді аман алып қалды. Өкпесі дұрыс дамымай туған нәрестелер дүниеге келе сала жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Жансақтау бөлімінде жатқан үшемнің беті бері қарап, бір айға жуық арнайы күтім жасайтын бөлімшеде дәрігерлердің бақылауында болыпты.
Биылғы жылдың үшінші үшемі 16-наурыз күні Шымкент қалалық перинаталдық орталықта дүниеге келген еді. Осы күні сәбилердің анасы 34 жастағы Арайлым Сембиеваға шұғыл түрде ота жасалған.
Айы-күні жетпегей туылған сәбилердің салмағы небәрі 1,5 келідей ғана болған.
«Мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрестелердің жағдайы алғашқыда ауыр еді»,- дейді дәрігерлер.
Қалалық перинаталдық орталықта күтілген нәрестелер осы уақыт ішінде салмақ қосып, жағдайлары жақсарған. Төртінші рет ана атанған Арайлымның жақындары сәбилерге Медина, Алина және Ясина деген есім беріп отыр.
«Қазір олардың өміріне еш қауіп жоқ»,- деген мамандар үшемдер мен олардың анасын 7-сәуір күні перзентханадан шығарады.