Шымкентте жауған қардан ағаштар құлап, үйлер жарықсыз қалды (фото)

Шымкент қаласында сәуірде жауған қардан жүзден аса ағаш құлап, шағынаудандар жарықсыз қалды.

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәліметінше, бұл күні шаһарда жауған қардан жүзден аса ағаш құлап, 21 автокөлікке зақым келген. Жарақат алған немесе қайтыс болғандар жоқ.


«2020 жылғы 9 сәуірде жауған қардың салдарынан Шымкент қаласы аумағында көптеген ағаштар құлап, электр желілері үзілді. Сегіз мыңға жуық абонент электр жарығынсыз қалды. Төтенше жағдайдың зардабын жоюға қаладағы коммуналдық қызметтер мен төтенше жағдайлар департаментінің 111 бірлік техникасы мен жеке құрамнан 600 адам, сондай-ақ «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның 24 апатты қалпына келтіру бригадасы жұмылдырылды»,-делінген хабарламада.

Түске дейін Шымкенттегі 5800 абонент авариялық қызметтердің көмегімен қайта электр жүйесіне қосылған. Қалған 12 нүктедегі 2200 абонентке электр қуатын беру жұмыстары әлі де жалғасуда.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*